Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі

Біздің бағытымыз – белгілі, мақсатымыз – айқын.

Ең бастысы, сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз

2018 жылдың 5 мамырында Алматыда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылуына арналған «Болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығы.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға арнап ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры З.К. Шаукенова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының вице-президенті  С.Т. Сейдуманов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры  Ш.Е. Жаманбалаева алғы сөз сөйледі.

sN3nLlPB

Дөңгелек үстел жұмысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дан: Ақпараттық-сараптама жұмысы бөлімінің басшысы А.Қ. Назарбетова, бас ғылыми қызметкерлерИ.А. Черных, Л.Р. Қаратаева және аға ғылыми қызметкер Г.И. Мұхатаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

З.К. Шаукенова өз сөзінде негізгі жұмыс тобы – еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары, оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессор-оқытушылар құрамы және соңғы кезде жұмысы үлкен мақтанышқа ие болған Ұлттық аударма бюросының рөліне тоқталып өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жариялануының бір жылдығына орай барша халық оның алты бағдарламасының бірі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуының куәсі және оған тікелей қатысушысына айналды. Аударылған 18 әлемдік оқулықтың тұсаукесеріне Мемлекет басшысы, аудармашылар мен ғылыми редакторлары қатысты, бұл оқулықтардың ішіндегі 6 кітап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аударылды. Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының вице-президенті С.Т. Сейдуманов ғылыми басылымдарды қазақ тіліне аудару бойынша жобаның нәтижесі ретінде қазақ тілінің нығайтылуы, жаңа кәсіптердің пайда болуы мен ғалымдардың жаңа көзқарастағы тобының қалыптасуын күтілетін оң әсерлер ретінде атап өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Ш.Е. Жаманбалаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазіргі заманғы білім беруге жаңа серпін болып, «100 кітап» жобасы жаңа білім алу мен жаһандық тренд – БҰҰ «Азаматтық саладағы жаһандық білім беру» (GCED) бағдарламасына қосылуға қажетті маңызды құрал болғандығына тоқталды. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кафедраларында қазірдің өзінде аударылған оқулықтар оқу үдерісіне енгізіліп, олар бойынша онлайн курстар әзірленуде деп атап өтті.
yUzuOt6b

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі, қазақ басылымының ғылыми редакторы және Клаус Швабтың «Төртінші индустриалық революция» кітабының аудармашысы К.С. Матыжанов жобалық кеңсеге келген алты кітапты аудару бойынша жұмыстар туралы айтып берді. Спикердің айтуынша, қиындықтар, соның ішінде, Клаус Швабтың ғылыми еңбегіндегі терминдерді аудару барысында орын алды, мысалы кітап атауы қазақ басылымында «Төртінші индустриялық революция» деп аударылды. Сондай-ақ, жұмыс тобы еңбектердің айрықша стилистикасын жеткізу бойынша әдеби редакциялау қиындығына тап болды. К.С. Матыжановтың пікірінше, «Төртінші индустриалық революция» кітабының негізгі берері – цифрлау мен технологиялық серпіліс барысында руханилықты, адамгершілікті сақтап қалу қажеттілігі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі. Д. Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін» атты кітабының ғылыми редакторы және аудармашысы Г.Ж. Нұрышева әлемдік ғылыми еңбектерді аудару идеясының пайда болуы және жүзеге асыру халықтың өзіндік сана-сезімінің көтерілгендігі деп санайды. Сонымен қатар, жұмыс барысында аудармашы жас ұрпақ пен Елбасының алдында үлкен жауапкершілікті сезінгенін жеткізді. Нәтижесінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы тұсаукесерінде жұмыс тобына қатысты мақтау сөздерін айтты. Г.Ж. Нұрышеваның айтуынша, Д. Джонстонның жұмысы қысқаша және қолжетімділігімен ерекшеленеді. Баяндауды қысқаша жеткізу «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің еңбектерінде болған және қазақстандық ғалымдар осы стильге оралуы керек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика кафедрасының меңгерушісі. Грегори Мэнкью мен Марк П. Тейлордың «Экономикс» кітабының жауапты редакторы және аудармашысы Г.А. Садыханова кітаптың теориялық және практикалық материалға бай болуы оның құндылығын танытады деп санайды. Әлемнің 25 тіліне аударылған кітапта экономикалық мектептер мен заманауи үдерістер келтірілген, бұл отандық экономикалық модельді әлемдік үлгілермен салыстыруға мүмкіндік береді. Оқулық құрылымы, атап айтқанда, өзіндік жұмысқа арналған кейстер мен сұрақтарды қамтуы оқытушы үшін өте пайдалы болып табылады және студенттермен жеке жұмысқа қолданылуы мүмкін. Грегори Мэнкью мен Марк П. Тейлордың «Экономика» оқулығы қазірдің өзінде қазақ тіліндегі «Экономика негіздері және принциптері», «Экономикалық теория», «Микроэкономика» және «Макроэкономика» пәндерін оқыту барысында бакалавриаттан бастап докторантураға дейін барлық деңгейде қолданылып отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры, Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» кітабының ғылыми редакторы және аудармашысы Д.Д. Дүйсенбеков аудару барысында кітабының орыс тіліндегі нұсқасы қарастырылды, бірақ кітаптың соңғы редакциясының орыс тіліндегі аналогы болмағандықтан, түпнұсқадан аударуға тура келгендігін атап өтті. Д.Д. Дүйсенбековтың айтуынша, кітап мәні адамның әлеуметтенуіне және жалғыздыққа ұшырамау талпынысына арналған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» кітабының қазақ тіліндегі басылымының ғылыми редакторы және аудармашысы А.Д. Құрманалиева өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жас ғалымдарды қолдаудағы және гуманитарлық білімге деген назарды өзектендіруге қатысты маңызды рөліне тоқталды. Аударма үдерісінде білім беру сапасын жақсартуға және оны заманауи әлемдік стандарттарға жақындатуға мүмкіндік беретін жаңа ғылыми терминдер жасалды. Баяндамашы жүргізілген жұмыстың ең күрделісі – болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершілік деп санайды.

Шараны қорытындылай келе, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры З.К. Шаукенова профессорлық-оқытушылар құрамын әлемдік гуманитарлық ғылымның ең үздік 18 оқулықтары негізінде қайта жаңартылған сапалы білім беруді қалыптастыруға өздерінің әріптестерін тартуға шақырды.

Басылымдар