Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі

Біздің бағытымыз – белгілі, мақсатымыз – айқын.

Ең бастысы, сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз

Леся Каратаева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

COVID-19 вирусы таралуының халықтың ауруға шалдығуының өсімі, адам шығыны секілді көзге көрінетін жағымсыз салдарынан бөлек ахуалды күрделендіре түсетін тағы екі факторы бар. Бірінші факторға инфодемияның таралуы жатады. Яғни ақпараттық кеңістікте үдемелі түрде қауесет, жорамалдар, құпия қастандық теориялары таралып, өзіне өзі диагноз қою мен емделу бойынша жалған ғылыми ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар ресми статистикалық мәліметтердің азаматтар бақылап отырған немесе «жорамалды» шынайылыққа сәйкес келмеуінің кез келген көріністеріне деген сезімталдық өсуде. Осылайша, бұл секілді теріс пиғылды ақпарат ағымы үрейлі көңіл-күй туғызып қана қоймай, сондай-ақ үкіметтің әрекеттері мен ұсыныстарына деген сенімнің азаюына ықпалын тигізеді.

Ауруды статистикалық есепке алу ерекшеліктері пандемиялық дағдарысты жеңудің үдерісін қиындата алатын екінші факторды қалыптастырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ДДСҰға мүше елдер үшін өз ұсыныстарын әзірлейді, соларға сәйкес ұлттық үкіметтер қажетті шаралар жөнінде шешім қабылдайды. Дегенмен елдер COVID-19 статистикасын жүргізу бойынша өзіндік шешімдер де қабылдай алды.

Статистиканы қалыптастырудың қазақстандық ұстанымдары вирус пен антиденелердің бар-жоғын тестілеу нәтижелеріне негізделген. Тестілеу көлемін ұлғайту арқылы ауру жұқтырғандарды тек клиникалық белгілер негізінде ғана емес, сондай-ақ симптомсыз вирус тасымалдаушыларды да анықтауға мүмкіндік туғызды. Олар бөлек категорияға шығарылды. Соңғы апталар ішінде ПТР-тестілер нәтижелері теріс бола тұрып, пневмонияға шалдыққандардың саны күрт өсуде. 17 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәлімдеуінше, Қазақстанда 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында 234 мыңнан астам пневмониямен ауырғандар тіркелген, ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,3 есе артқанын көрсетеді. Ауру қоздырғыштардың табиғаты да әртүрлі, бірақ қоздырғыш анықталмаған жағдайда, ковид тәріздес пневмонияның болуы да мүмкін.

Статистикалық есепке алудың қазақстандық тәсілдерінің жетілмегендігін назарға ала отырып, Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігінің алдына COVID-19 бойынша статистиканы қалыптастыру қағидаларын айқындау міндетін қойды. Берілген тапсырманы іске асыру шеңберінде ДДСҰ-мен келіссөздер жүргізілді, соның нәтижелері бойынша тәсілдерді өзгерту және стандартталған кодтарға негізделген статистикалық есепке алу моделіне өту туралы шешім қабылданды. 1 тамыздан бастап COVID-19 қазақстандық статистикасы мәліметтердің екі көзінен қалыптастырылатын болады: COVID-19-дың лабороториялық расталған жағдайлары және анықталмаған қоздырғыштан болған, бірақ коронавирусқа ұқсас симптомдары бар вирустық пневмония.

Одан бөлек, ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросының сарапшыларымен Германиядағы Роберт Кох институты ДДСҰ лабораториясында референттік зерттеулерді өткізу туалы келісімге қол жеткізілді.

Біз статистиканы қазіргі ағымдағы жағдайды өткен жылдар мен онжылдықтар кезеңімен салыстыруға мүмкіндік беретін сандық көрсеткіштердің ретроспективті көрінісі ретінде қарастыруға дағдыландық. Алайда, COVID-19 статистикасының маңыздылығы ауырғандар, жазылғандар мен қайтыс болғандар санын есепке алу ғана емес. Бұл, ең алдымен, денсаулық сақтау саласында, сондай-ақ экономикалық және әлеуметтік қызметті ұйымдастыру саласындағы қолданылатын алгоритмдер мен хаттамалардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін мәліметтер. Сонымен қатар, жаһандық деңгейде статистикалық есептің әдістерін стандарттау коронавирустық пандемиямен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттырады.

Статистикалық есеп жүргізу әдістерінің өзгеруі қазақстандықтардың ауруға шалдығуының бірнеше есе артуының елесін тудыруы мүмкін, бұл өз кезегінде коронавирустық инфекция таралуының ғаламдық статистикалық индексіндегі еліміздің көрсеткіштеріне әсер етеді. Алайда, Қазақстанда мұндай аурудың «өршуі» пандемияға қарсы ұлттық тәсілдердің сәтсіздігінің көрсеткіші емес. Керісінше, шындықты қабылдау көкжиегін кеңейтуге дайын болу, қауіп-қатерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік береді. ДДСҰ Еуропалық бюросының төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры, доктор Дорит Нитцан жағдайды бағалауда жалғандыққа жол бермеу қажеттілігін ескертті. ДДСҰ өкілдерінің айтуынша, Қазақстан коронавирустық инфекциямен күресте өз әлеуетін арттыру мәселесінде жоғары жауапкершілік пен дайындық көрсетті. Атап айтқанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бойынша аймақтық бюросының директоры, доктор Ханс Клюге стандартталған статистикалық модельдерге көшу туралы шешімге жоғары баға беріп, басқа елдер Қазақстанда қабылданған үлгі бойынша жүретініне сенім білдірді.

Басылымдар