2020 жылдың 21 желтоқсанында қытай тарапының бастамасы бойынша онлайн форматта АӨСШК талдау орталықтарының «Сovid-19 пандемиясы контексіндегі өңірлік қауіпсіздік саласындағы Азиялық ынтымақтастық: жағдайы мен жауабы» тақырыбында 8-ші дөңгелек үстелі өтті. Ұйымдастырушы - Шанхай халықаралық зерттеулер институты болды (ШХЗИ).
Іс-шараға ШЫҰ бас хатшысы Владимир Норов, АӨСШК мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ шетелдік зерттеу институттарының көрнекті ғалымдары мен сарапшылары қатысты. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ атынан директордың кеңесшісі Дастан Елеукенов, халықаралық зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Анастасия Решетняк және ғылыми қызметкері Әлішер Әбдірешев қатысты.
Форумды ашқан ШХЗИ Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Цян Сяоюнь әлемнің түкпір-түкпірінде таралған Covid-19 пандемиясының соңғы 100 жылдағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ауыр дағдарысқа айналғанын атап өтті. Қазіргі дағдарыс халықаралық қауіпсіздіктің күн тәртібін түбегейлі өзгертіп қана қоймай, Азиядағы қауіпсіздік деңгейіне де айтарлықтай әсер етті.
Қатысушылар пандемия мемлекеттердің дамуының барлық салаларына - ішкі саясаттан бастап тоқырау режиміне енген экономикалық дамуға дейін әсер етті деген пікірге келді. Әр азаматтың әдеттегі өмір салты өзгеріп, жаңа шындықта әлем бұрынғыдай болмайтындығы қазірдің өзінде түсінікті болды.
Сарапшылардың пікірінше, АӨСШК қазіргі жағдайға белсенді жауап беріп, үйлестіруші рөл атқару қажет. Бірінші кезекте, бұл АӨСШК-ке мүше мемлекеттер арасында пандемияға қарсы іс-қимыл және экономикалық қалпына келтіру мен дамыту жөніндегі одан әрі жоспар саласында неғұрлым тығыз ынтымақтастық құруға қатысты. Екіншіден, коронавирустық пандемия АӨСШК елдеріне өз дамуында жаңа серпіліс жасауға және жаңа посткеңестік шындықта жетекші орын алуға мүмкіндік беруі керек.
Конференцияның негізгі тақырыбына қосымша сарапшылар халықаралық терроризм қаупіне, ядролық қарудың таралуына, Ауғанстан мен Таулы Қарабақтағы қазіргі жағдайға байланысты мәселелерді талқылады.